АЭС атауына жарияланған конкурс: жеңімпазға сыйлық емес, автор мәртебесі беріледі

Алғашқы атом электор станциясына қойылатын атауға республикалық конкурс жариялағанымен, конкурс жеңімпаздарына ақшалай немесе материалдық сыйлық қарастырылмаған. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл жерде ең басты марапат – авторлық мәртебе мен тарихи жобаның бір бөлігіне айналу.
«Меніңше, бұл сыйлықтан әлдеқайда маңызды, жеңімпаз энергетика саласының дамуына тікелей қатысы бар екенін сезінеді. Біздің түсінігімізде бұл ең үлкен сыйлық болады», – деді ол журналистерге.
Оның сөзінше, жеңімпаздар ресми түрде автор ретінде мойындалып, есімдері жарияланады. Ал соңғы таңдауға дауыс берген әрбір қатысушы өзін тарихи оқиғаның куәгері әрі қатысушысы деп санай алады.
Конкурс барысы бірнеше кезеңнен тұрады. Қыркүйек айының соңына дейін қысқа тізім жасалып, содан кейін арнайы құрылған комиссия соңғы шешімді қабылдайды. Комиссия құрамының өзі де көп ұзамай жарияланбақ.
Мұның алдында агенттік төрағасы атом станциясының құрылысы 10-12 жылға созылатынын айтқан.