Ақтөбелік палуан жарыс кезінде мойын омыртқасын сындырып алды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
апаттан зардап шеккен
Күрес кезінде жасөспірімнің мойыны қайырылып құлаған / Фото: kursiv.media архиві

Ақмола облысында өткен жарыста 15 жастағы жасөспірім мойын омыртқасын сындырып алды. Оқиға 7 қыркүйекте Ерейментау қаласында 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен қазақша күрестен халықаралық турнир кезінде болған.

Ақтөбе облысынан келген Перуаш Карымұлы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Ол — І спорттық разряд иегері.

«Қимыл жасау кезінде ол мойын омыртқасынан жарақат алып, есінен танып қалды. Оқиға орнында жедел түрде реаниматолог жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді. Кейін спортшы Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді. Онда жүрек қызметі қалпына келтіріліп, жас балуан жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Одан кейін санитарлық авиация көмегімен Астанадағы ірі медициналық орталыққа жеткізілді», – деп хабарлады Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, турнирге қатысқан барлық команда алдын ала спортшылардың денсаулығы туралы медициналық анықтамалар тапсырған. Жарыс ресми ережелер мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес өткізілген, оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарған.

«Qazaq Kuresi» қауымдастығының президенті Дамир Бекбосыновтың айтуынша, жас спортшыға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, қауымдастық бапкерлермен және медицина мекемелерімен тұрақты байланыста.

Облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз