Жаңалықтар

Тоқаевтың сынынан кейін Алматыда самокаттарға бақылау күшейтілді

Алматыда самокаттарға бақылау күшейтілді/фото: shutterstock

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін, Алматыда самокаттарға қатысты бақылау күшейтілді. Полиция ауқымды рейд өткізген.

Polisia.kz хабарлауынша, тәулік ішінде самокат жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы туралы заңнаманы бұзудың 800-ден астам дерегі анықталды. Жыл басынан бері мұндай 16 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын талаптарды сақтамаған 489 дерек, жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуына қатысты 237 дерек, ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамауға қатысты 11 дерек, көшені абаттандыру ережелерін бұзудың 47 дерегі, қоғамдық орындарды ластау бойынша 23 құқық бұзушылық анықталған.

Полиция азаматтардың самокаттарды тротуар мен жолдарда бейберекет қалдыратынын, мұның қозғалысқа кедергі келтіретінін айтып өтті. Қазірге дейін 259 самокат арнайы тұраққа қойылған.

Айта кетейік, президент жолдауында электросамокаттарға назар аударуды тапсырды.

«Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек», – деді Тоқаев.