Lifestyle

Аида Балаева Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер рейтингінде бір саты жоғарылады

Аида Балаева
Аида Балаева тізімде үздік үштікке кірді/фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Милош Муратовский

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылы елдегі ең ықпалды әйелдер рейтингінде бір сатыға көтеріліп, үшінші орынға тұрақтады. Алғашқы екі орын өзгеріссіз қалды. Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова тағы да бірінші орынды сақтап қалса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы Мәдина Әбілқасымова екінші орында тұр. Бұл туралы Forbes Woman журналының «Қазақстанның ең ықпалды 25 әйелі» рейтингінде көрсетілген, деп жазды Курсивтің орыс тіліндегі редакциясы.

Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бір орынға көтеріліп, рейтингте төртінші қатарда тұр. Ал үздік бестікке «Добровольное общество «Милосердие» қорының негізін қалаушы әрі директоры Аружан Саин кірді.

Алтыншы орында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, жетінші орында «Сәби» қорының негізін қалаушы, кәсіпкер Әсел Тасмағамбетова, сегізінші орында «Ана үйі» қорын құрушылардың бірі Анар Рахимова, тоғызыншы орында ҚР Президенті телерадио кешенінің президенті Раушан Қажыбаева тұрса, оныншы орынға «Қазақстан парламентаризмін дамыту қоры» ҚҚ президенті Зауреш Батталова жайғасты.

11-орында Orda басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкенова тұр, 12-орынға президент көмекшісі Тамара Дүйсенова орналасты. Дүйсенова бір жылда тоғыз сатыға төмендеген.

13-орын Lancaster Group акционері Гаухар Қаппароваға, 14-орын – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімоваға, 15-орын Aubakirova School авторлық мектебінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Жания Әубәкіроваға тиесілі.

Сондай-ақ рейтингке Астана қаржы орталығы басшысы Елена Бахмутова, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаева, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова, президент кеңесшісі Күнсұлу Закарья, AIX директорлар кеңесінің мүшесі Әсел Мұқажанова, Zhanna Kan брендінің иесі әрі негізін қалаушы Жанна Кан, Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитетінің басшысы Салтанат Томпиева, «Даму» қоры директорлар кеңесінің мүшесі Алина Алдамберген және Qaganat негізін қалаушы Чинара Буғымбаева кірді.

2025 жылғы рейтингке алғаш рет кіргендер қатарында Светлана Жақыпова, Гаухар Қаппарова, Жания Әубәкірова, Елена Бахмутова, Динара Закиева, Жанна Кан, Салтанат Томпиева және Чинара Буғымбаева бар.

Айта кетейік, тізімге экономика, саясат және азаматтық қоғам саласындағы 120-дан аса танымал әрі ықпалды әйел енгізілді. Алдын ала талдаудан кейін зерттеу тобы 45 қатысушыны іріктеп алған. Бұл тізім 6 балдық шкала бойынша (0-ден 5-ке дейін) бағаланып, оған тәуелсіз бизнес өкілдері мен бизнес-қауымдастық жетекшілері кірген сарапшылар тобы баға берді. Сараптамалық баға қорытынды ұпайдың 90%-ын құраса, қалған 10%-ы капитал, басқарудағы активтер, қоғамдық және қайырымдылық қорлары бюджеті, бизнес көлемі және жүзеге асқан жобалар сияқты көрсеткіштерді ескерді.

Forbes Woman Kazakhstan журналы ең ықпалды әйелдер рейтингін алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде ұсынған. Рейтинг – Forbes Woman Kazakhstan журналының бағалау сипатындағы журналистік жарияланымы.