Қазақстандықтардың Кореядағы көші-қонына бақылау күшейеді

Қазақстанның Кореядағы Елшілігінде полиция атташесі қызметі құрылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ертаев пен Ішкі және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері арасында өткен кездесуде белгілі болды.
Кездесудің негізгі тақырыбы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері мен қазақстандық азаматтардың Корея Республикасының аумағында заңды болуын қамтамасыз етуге арналған.
Кездесу қорытындысы бойынша Кореяға заңсыз көші-қонның алдын алу, сондай-ақ жақын арада Қазақстанның Кореядағы Елшілігінде Қазақстан азаматтарының болуын, оның ішінде заңсыз көші-қон және заңсыз еңбек қызметін анықтау фактілерін қадағалайтын полиция атташесі тағайындалатыны туралы мәселелер талқыланған.
Еңбек министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алғаны хабарланды. Анықталған барлық заңбұзушылықтар бірден тіркеліп, әрі қарай қарастыру үшін Қазақстан мен Кореяның уәкілетті органдарына жолданып отырмақ
Бұған дейін, Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтан жұмысы, табысы туралы туралы сұхбат алғанбыз.