Жаңалықтар

Комитет салоннан көлік алғанда ескеретін маңызды жайт туралы хабарлады

Комитет салоннан көлік алғанда ескеретін маңызды жайт туралы хабарлады
Комитет салоннан көлік алғанда ескеретін маңызды жайт туралы хабарлады / коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жаңа көлік сатып алғанда автосалондардың қажетсіз қосымша құрылғылар мен қызметтерді күштеп ұсынуы заңсыз екенін мәлімдеді.

Комитеттің дерегінше, мұндай әрекеттер «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына қайшы.

«Қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген мониторинг барысында бірқатар автодилерлердің көлік сату кезінде клиенттерге қосымша қызметтер мен аксессуарларды міндеттеп отырғаны анықталды. Мамандар еске салды: заңның 8-1-бабына сәйкес, сатушы тұтынушының құқығын шектейтін немесе бұзатын шарттарды келісімшартқа енгізуге құқылы емес», – деп ескертеді комитеттегілер.

Комитет заңға сай, әрбір азамат тауарды еркін таңдауға құқылы екенін, сатып алушыны өзіне қажет емес көлемде немесе артық ассортиментпен тауар алуға мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтеді.

«Жаңа автокөліктерге қосымша жабдық орнату тек тұтынушының келісімімен ғана жүргізілуі тиіс. Егер көлікке алдын ала қосымша опциялар орнатылып қойса, сатып алушы оларды алып тастауды талап ете алады. Бұл жағдайда демонтаж шығындары тұтынушының келісімімен жүзеге асырылады. Дегенмен ешкім сатып алушыны жабдықталған көлікті ғана алуға міндеттей алмайды», – делінген комитет хабарламасында.

Заңға сай, әрбір азамат базалық жиынтықтағы автокөлікті таңдауға және өз құқығын қорғауға толық құқылы.

Бұған дейін, салондардағы 4%-дық автонесие ақиқат па, әлде маркетингтік айла ма екенін анықтап көргенбіз.