Экономика

АЭС-ке жауапты компания шығынға батып отырса да жарнамаға қомақты қаржы бөлген

Оператор АЭС Казахстана пятикратно увеличил расходы на пиар и удвоил убыток
АЭС-ке жауапты компания шығынын арттырған / shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Энергетика министрлігіне қарайтын «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы (ҚАЭС) 2024 жылы 766,9 млн теңге шығынға ұшырады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есе есе артық: 2023 жылғы шығыны 330,8 млн теңгені құраған.

Есепті жылы компания ешқандай табыс таппаған. Ал әкімшілік шығындар күрт өсіп, 351,3 млн теңгеден 779,3 млн теңгеге жетті.

Сонымен қатар, қаржы есебіндегі ең көзге түсетін жайт – пиарға кеткен қомақты қаржы. 2023 жылы бұл бағытқа 86,2 млн теңге жұмсалса, 2024 жылы шығын көлемі 458,9 млн теңгеге дейін шарықтап, 5 еседен астам өскен.

Компания банктегі депозиттерден 14,7 млн теңге табыс тапқан (бір жыл бұрын – 22,9 млн теңге). Алайда есепшоттарындағы қаржы азайған: 2023 жылдың соңындағы 162,8 млн теңгенің орнына 2024 жылдың соңында «Қазпоштада» небәрі 52,2 млн теңге, ал Halyk Bank-тағы шотында 2,5 млн теңге ғана қалған.

Операциялық қызметке байланысты жеткізушілерге төленген қаражат көлемі 168,2 млн теңгеден 617,8 млн теңгеге дейін өсті. Еңбекақы төлеу қоры да ұлғайып, 203,8 млн теңгені құрады (2023 жылы – 157,1 млн теңге). Дегенмен компаниядағы қызметкерлер саны қысқарып, 16 адамнан 13 адамға азайды.

ҚАЭС-тің жарғылық капиталы 2024 жылдың соңында 1,9 млрд теңгеден 2,6 млрд теңгеге дейін артты. Қосымша қаражатты «Самұрық-Қазына» қоры құйған. Ал жабылмаған шығын 1,3 млрд теңгеден 2,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Соның салдарынан компанияның меншікті капиталы 570,3 млн теңгеден 522,9 млн теңгеге дейін қысқарды.

ҚАЭС – Қазақстанда салынатын барлық атом электр станцияларының операторы. Сондай-ақ компания АЭС құрылысына конкурс ұйымдастыру міндетін атқарған.

Алматы облысындағы Үлкен ауылында қуаты 2,4 ГВт болатын алғашқы атом станциясын салу үшін консорциум жетекшісі ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалды. Ал екінші және үшінші станцияны Қытайдың CNNC корпорациясы салмақ. Алайда олардың нақты орны мен қуаты әзірге белгісіз.