
Экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамытуға қажет қаржы Ұлттық қордан алынады. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктерден де қаржы тартылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Жоғары технологиялық салаларды дамыту бағдарламасын Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындайды. Бұл салаларға жалпы 1 млрд доллар қаржы құю жоспарланып отыр.
«Ұлттық Банкпен бірлесіп 1 млрд АҚШ долларына дейінгі бюджетпен Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы Ұлттық қор мен екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тартумен әзірленеді», – деді Жұманғарин
8 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке жоғары технологиялық салаларды дамыту бағдарламасын жасауды міндеттеген.
Сондай-ақ «Банктер туралы» Заң жобасы әзірленеді, ол финтехті ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру үшін жағдай жасамақ.