
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сегізінші жолдауына жаңа технологиялар, әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту арқау болды. Олар қордалаған мәселелерді шешудің негізгі құралы ретінде ұсынылады. Осы ретте Kursiv Research Президенттің бүкіл жолдауын зерделеп, жолдауда көтерілген мәселелер риторикасы қалай өзгергенін талдап көрді.
Әлеуметтік және экономикалық компоненттер
Президент жолдауларының риторикасы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты бейтарап әрі теңгерімді көзқарастан шешімтал әрі прагматикалық бағытқа қарай өзгерді. 2019–2021 жылдары экономика мен әлеуметтік саланы қатар дамытуға басымдық берілсе, 2020 жылғы дағдарыс кезеңінде әлеуметтік қорғау басты тақырып болды. Кейінірек бұл басымдық орнын өзге күн тәртібіндегі мәселе басты.
2022 жылдан саяси реформалардан кейін, экономика бірінші орынға шықты. Әлеуметтік бастамалар, соның ішінде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, халықтың жалпы әл-ауқатымен байланыстырыла бастады.
2023–2024 жылдары әлеуметтік мәселелер табысты экономикалық дамудың алғышарты ретінде жиі аталды, әлеуметтік масылдыққа қатысты сын күшейді. 2025 жылғы жолдауда прагматизм айқын көрініс тапты: цифрландыру мен ЖИ экономиканың да, қоғам өмірінің де өзегіне айналды. Әлеуметтік саясат жаңа экономиканың адами капиталын арттыру тұрғысынан қарастырылды.
Президент әлеуметтік мәселелерді даму жолындағы кедергілер ретінде сипаттап, оларды деректерге негізделген прагматикалық шешімдер арқылы еңсеру қажетін айтты. Егер алғашқы жолдауларда әлеуметтік және экономикалық міндеттер қатар жатқан жол секілді қарастырылса, 2025 жылға қарай олар біртұтас «цифрлық трансформация автомагистралінде» тоғысты. Мұнда әлеуметтік саясат «көш бастайтын жүйе» рөлін атқарып, әрбір азаматтың дайын әрі ынталы болуын қамтамасыз етеді, ал мемлекет «кедергілерді» жойып, қауіпсіздікті қадағалайды. Алайда «жүргізушіден» жауапкершілік пен өзін-өзі қамтамасыз ету талап етіледі.
Мемлекет пен бизнес
Тоқаевтың мемлекет пен бизнестің рөліне қатысты риторикасы жылдан жылға нақтылана түсті. 2019–2020 жылдары ол шағын және орта бизнесті қолдау мен дағдарысқа қарсы шаралар қажетін атап өтіп, жаңа экономикалық модельге көшуге үндеді.
2021 жылдан бастап мемлекет экономикаға шамадан тыс қатысуын азайту, ірі конгломераттардың ықпалын шектеуге бағыт алды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет бизнесті қолдаумен қатар, фаворитизм мен монополияларды жоюшы рөлін атқарды.
2022 жылы «азамат – бизнес – мемлекет» үштағанындағы жаңа қатынастарға басымдық берілді: жеке бастаманы ынталандыру, әділ бәсеке мен табысты әділ бөлу міндеті қойылды. « Сән-салтанат салығы» енгізілді, активтерді қайтару туралы айтылды.
2023–2024 жылдары бизнесті елдің «экономикалық серпілісіне» қатысуға, инвестиция салуға шақырылды. Мемлекет отандық тауар өндірушілердің құқығын қорғаушысы ретінде көрінгенімен, бизнеске адалдық пен салықтық жауапкершілік жүктеді.
2025 жылғы жолдауда мемлекет цифрлық трансформацияның бас сәулетшісі әрі стратегіне айналды (Жасанды интеллект министрлігі құрылмақ). Бизнеске ЖИ енгізу, жоғары технологиялық өндіріс пен адами капиталды дамыту міндеті қойылды. Мемлекет бизнестен ашықтықты, тиімділікті, патернализмнен бас тартуды және кадр даярлауға қатысуды талап етеді.
Экономиканы әртараптандыру
Президент жолдауларында экономиканы жаңғырту – ұзақ жылдар басты тақырып болып келеді. Тоқаевтың риторикасы 2019 жылғы жалпы үндеулерден бастап, 2020 жылғы стратегиялық дербестікке, 2021 жылғы экспорттық мақсаттарға, 2024 жылғы адами капиталды дамытуға және 2025 жылғы жасанды интеллектті пайдалануға дейінгі эволюцияны байқатады.
2025 жылғы жолдаудағы әртараптандыру – цифрландыру және ЖИ-мен біте қайнаған шұғыл әрі ымырасыз міндет. Мақсат – өндірісті жоғары технологиялық деңгейге көтеру. Мемлекет – архитектор (ІІ министрлігі, Цифрлық кодекс), ал бизнес – өзгерістердің драйвері. Негізгі басымдық терең өңдеу, сирек жер металдары, агросекторда жасанды интеллект қолдану және жаңа экономикаға кадр дайындауға берілмек.
Жетістіктер мен түйткілді мәселелер
Президенттің мемлекеттегі жетістіктер мен қордалаған мәселелерге баға беру риторикасы да өзгерді. 2019 жылы ол «қазақстандық модельдің» артықшылықтарын атап өтсе де, шикізатқа тәуелділік пен табыс теңсіздігін мойындады.
2020 жылы пандемия кезіндегі риторика дағдарысты айтар отырып, шынайы сипатта болды. Үкіметтің қателіктерін мойындап, әлеуметтік қолдау шараларын атап өтті.
2021 жылы инфляцияның бақылаудан шыққаны мен инфрақұрылымның тозып тұрғаны туралы ашық айтты. Жетістіктер қатарында өңдеу өнеркәсібінің дамуы мен әлеуметтік саладағы жалақының өсуі аталды.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін риторика қатаң әрі сыншыл болды: мемлекет «құздың шетінде» тұрғанын айтты. Жетістік ретінде мемлекеттік тұтастықтың сақталуы мен саяси реформалар бастамасы көрсетілді.
2023 жылғы жолдауда прагматизм басым болды. Президент жалпы ішкі өнімді екі еселеу мақсатын қойып, мемлекеттік аппараттан тиімділікті талап етті.
2024 жылы риторика қатқыл әрі талапшыл сипат алды. Негізгі жетістік – инфляцияның баяулауы.
2025 жылғы жолдау («Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан») ең прагматикалық әрі стратегиялық болды. Проблемалар жаһандық тұрақсыздық, технологиялық тұрғыда артта қалу және «масылдықты қолдайтын әлеуметтік саясатпен» байланыстырылды. Кадр тапшылығы, көші-қоннан туындаған инфрақұрылым жүктемесі, инвесторлармен байланыс жүйесі сынға алынды. Отандық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігі «ұят жағдай» деп бағаланды.
Жетістіктер қатарында цифрландыру дәуіріне қадам, 850 млрд теңге көлемінде заңсыз активтердің қайтарылуы, 2024 жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі айтылды.
Реформалардың тиімділігі
Президент жолдаулары уақыт өте келе жалпы сипаттағы мақсаттардан нақты және технологиялық көрсеткіштерге көшті.
2019–2020 жылдары басты назар макроэкономика мен әлеуметтік салаға аударылды. Бұл кезеңде 5%-дан жоғары ЖІӨ өсімі, еңбек өнімділігін арттыру, мұғалімдердің жалақысын көбейту және тұрғын үй салу мәселелері көтерілді.
2021–2022 жылдары салалық және әлеуметтік индикаторлар нақтыланды. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі экспорты $24 млрд-қа жетуі, инфрақұрылымның тозуын 15%-ға дейін азайту және ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге көтеру міндеті қойылды. 2023 жылы негізгі мақсат ретінде 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні $450 млрд-қа дейін ұлғайту белгіленді.
2025 жылғы жолдауда тиімділік көрсеткіштері толығымен цифрландыру мен жасанды интеллектке байланысты болды. Үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық елге айналдыру, 100 мың ІТ-маман даярлау, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және ресурстарды жасанды интеллект арқылы бақылау көзделді.
Әлеуметтік саясаттың тиімсіздігіне өткір сын айтылып, прагматизм мен технологиялық бағдар айқындалды.