Қазақстан 2026 жылдың маусымына дейін артық өндірген мұнайын қысқартуы тиіс

ОПЕК+ ұйымы осыған дейін мұнайды артық өндірген елдерге 2026 жылдың шілдесіне дейін тәулігіне 4,8 млн баррель мұнай өндірісін қысқартуды міндеттеді. Бұл жөнінде ұйымның ресми хабарламасында айтылды.
Ең көп міндеттеме Қазақстанға тиесілі. Мемлекет тәулігіне өндірілетін мұнайдан 2,63 млн баррельді қысқартуы тиіс. Ол 2026 жылдың маусымына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Негізгі жүктеме 2026 жылдың алғашқы жартысына түспек: қаңтарда тәулігіне 100 мың баррелі мұнайды аз өндіруі тиіс болса, ақпанда бұл көрсеткіш 300 мың баррельді құрайды.
Ал наурыз бен сәуір айларында 450 және 490 мың баррель, мамырда өндірісті тәулігіне 550 мың баррельге, ал маусымда 650 мың баррельге қысқартуы керек.
Басқа елдер мұнай өндірісі қалай қысқартады
Ирак тәулігіне 1,4 млн баррельге тең артық өндірісті өтеуі тиіс. Бұл елдің қысқарту кестесі біркелкі: ай сайын тәулігіне 122–130 мың баррель мұнайды азырақ өндірсе жеткілікті.
Ресей 2025 жылдың соңына дейін тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 311 мың баррельге қысқартпақ.
Сонымен қатар БАӘ 309 мың б/т, Оман 70 мың б/т (2026 жылдың наурызына дейін), Кувейт 59 мың б/т (2025 жылдың қыркүйегіне дейін) өтеуі қажет.
Ал Алжир мен Сауд Арабиясында артық өндіріс тіркелмеген, сондықтан олар белгіленген квотаны сақтайды.
Бұған дейін ОПЕК+ тобы қазан айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 137 мың баррельге арттыруға келіскен.