Жаңалықтар

Қазақстан үкіметі инфляцияны жыл соңына дейін 11%-дан асырмауға ниетті

Қазақстанда инфляция одан сайын өсті / фото: shutterstock
Үкімет инфляцияны тоқтата ала ма / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан үкіметі 2025 жылдың соңына дейін инфляцияны 11%-дан асырмауды көздеп отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында бағаның тұрақсыздығы инфляцияға тікелей әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жеткен. Соған қарамастан, жыл соңына дейін оны 10–11% аралығында ұстап тұруға мүмкіндік бар деп санайды.

Бұл мақсатта Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен, әкімдіктермен және ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп, энергетика министрліктерімен, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істеу тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында инфляцияның ушығып тұрғанын атап өтіп, үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимылын талап еткен.

Сонымен қатар, премьер-министр бизнеске артық тексерістерді болдырмау үшін міндетті талаптар реестрін жедел енгізуді тапсырды. Ол инвестиция тарту ісін де күшейту керегін айтып, әсіресе өңдеу өнеркәсібіне қаржы құюға басымдық беруді жүктеді.

Инфляция жыл басынан беру қарқын алып, тамыз айында 12,2 пайызға жетті.