Жаңалықтар

Қымыз, бешбармақ, енді барыс – Қырғызстан қар барысын ұлттық символ ретінде бекітті

Қар барысы – қырғыз халқының мәдениетінде, фольклорында және мемлекеттік рәміздерінде кеңінен көрініс тапқан / фото: shutterstock
Қар барысы – қырғыз халқының мәдениетінде, фольклорында және мемлекеттік рәміздерінде кеңінен көрініс тапқан / фото: shutterstock

Қар барысын Қырғызстан ұлттық символ ретінде бекітті. Ел президенті Садыр Жапаров осындай жарлық шығарды.

24 ақпаратына қарағанда, қар барысы – Қырғызстанның биік таулы аймақтарында мекендейтін сирек кездесетін жануар. Қырғыздардың түсінігінше, ол тек табиғи мұраның бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейліктің, күш-қуат пен еркіндіктің символы. Қырғыз халқының мәдениетінде, фольклорында және мемлекеттік рәміздерінде кеңінен көрініс тапқан.

Қар барысын ұлттық символ ретінде мойындауға, оны қорғауға және насихаттауға мемлекеттік органдар, ғылыми-білім беру мекемелері, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық ұйымдар жұмылдырылмақ.

Қазақтар мен қырғыздар қымыз, «бешбармақ» делініп жүрген ет және басқа да ұлттық тағам түрлеріне ұдайы таласып келеді. Бұған енді «қар барысы» қосылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірінде Қазақстан да өзін «Орталық Азия барысы» ретінде көрсете бастаған еді. Алайда соңғы кездері «барыс» саясаттағы сөздік қордан шығып қалды.

Десе де, қар барысы Алматы қаласының таңбасында бейнеленген.  

Айта кететін жайт, қар барысы тау экожүйесінің тұрақтылығы мен саулығының көрсеткіші.