Қазақстанда ЖЭО-лар «таза көмір» технологиясы негізінде салынады

Қазақстанда ЖЭО-лар «таза көмір» технологиясы негізінде салынады. Бұл туралы Үкімет сағатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда елде энергетикалық көмір қорының көлемі 33,6 млрд тоннаны құрайды. Мұндай қормен көмір генерациясынан толық бас тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналатынын ескере келе, озық технологиялар негізінде ЖЭО-лар салу туралы шешім қабылдаған.
«Осыған байланысты жаңа көмір станцияларының құрылысы мен қолданыстағыларын жаңғырту экологиялық талаптар мен нормаларға сай, қоршаған ортаға әсері барынша аз «таза көмір» технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жобалардың жарқын мысалы ретінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын ЖЭО-ларды, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұз қалаларындағы ірі электр станцияларын айтуға болады», – деді Ерлан Ақкенженов.
Үкімет «таза көмір» технологияларын қолдану арқылы көмірден бөлінетін зиянды шығындылардың қоршаған ортаға ықпалын азайтып, экологиялық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін жылу электр станцияларын салуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, осыған дейін Ресей инвесторлары Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында көмір генерациясы негізінде ЖЭО салуы керек болған. Алайда бұл жоспар орындалмай қалды.
Ресей қаражат тапшылығына байланысты бұл жобаларды жүзеге асыра алмайтыны хабарланды, сондықтан Қазақстан бір ЖЭО құрылысын өз күшімен жүзеге асыра бастады.
Артынша, Ресейдің қаражат тапқаны, Семей мен Өскемендегі ЖЭО-дарды салып беретіні туралы хабарланды.