Жыл соңына дейін 52 Келешек мектебі пайдалануға беріліп, барлығы ЖИ-ге қосылады

Жыл соңына дейін 52 Келешек мектебінің құрылысы аяталып, бұл білім ошақтарына эксперимент ретінде жасанды интеллект енгізіледі. Бұл туралы үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Келешек мектептері
«Ұлттық жоба аясында 217 келешек мектебін салу жоспаранған. Оның ішінде 2024 жылы 105, 2025 жылы 60 мектептің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 52 мектептің құрылысы аяқталады. Яғни қазан айында 8, қараша айында 16, желтоқсан айында 28 мектептің құрылысы аяқталады», – деді министр.
Бейсембаев Келешек мектептерін салуға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен жергілікті әкімдіктер жауапты екенін атап өтті. Ал министрлік мектептердің құрылыс барысына мониторинг жүргізіп, жұмысты bitrix жүйесі арқылы бақылап отыр.
«Осыған орай «Самұрық-Қазына» қоры мен әкімдіктерге құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтап, тапсыруды сұраймын», – деді Бейсембаев.
ЖИ-ді білім білім беру жүйесіне енгізу
Министр сонымен бірге президент жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, қарапайым білім ошақтары мен Келешек мектептеріне ЖИ технологиялары енгізілетінін айтып, нақты қандай шаралар іске асырылатынын тізіп шықты.
«Жасанды интеллект Келешек мектептері мен Астана қаласының мектептеріне эксперимент ретінде енгізіліп жатыр. Ендігі кезекте ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізудің 2025-2029 жылдарға арналған тұжырымдамалық негіздерін бекіту мәселесі тұр. Сонымен бірге ЖИ ресурстарын әзірлеу, АІ ұстаз медиа жобасын іске асыру көзделген», – деді ол.
Бұдан бөлек министр Qazaq dijital mektebi шағын жинақты мектеп үлгісінің жобасын дайындаған. Бұл жоба – білім беру инфрақұрылымын дамытып, кадрлық әлеуетті және оқыту әдістерін жаңғыртуға бағытталған. Жоба алғаш Ақтөбе облысында пилоттық негізде жүзеге асырылған. Енді барлық өңірде масштабталып жатыр. Qazaq dijital mektebin қаржыландыру әкімдіктерге жүктелген.
Еске сала кетсек, президент өз жолдауында ЖИ негізінде «Қазақ Digital» мектебін құруды ұсынған болатын. Мұндай платформа ауылдық оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.