Енді әрбір студент ЖИ курсынан өтуі керек

Енді AI-Sana бағдарламасы аясында еліміздегі әрбір бакалавр дәрежесіндегі студент жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл жайлы ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
» AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биылғы ақпан айынан бастап еліміздегі әр жоғары оқу орнының студенті жасанды интеллект курсынан өтуге міндетті болады. Арнайы сертификат курстарын Google, Nvidia, Huawei компаниялары және Astana Hub жасақтаған. Қазіргі таңда бакалавриаттағы 650 мың студенттің 429 мыңнан астамы және 3 мыңнан астам оқытушы ЖИ сертификаттарын алды, – деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бағдарлама төрт кезеңнен тұрады.
«Бірінші, барлық студент Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді. Екінші, арнайы бағдарлама арқылы студенттер кәсіпкерлікті, жасанды интеллектіні түрлі жобаларда қолдануды және жаңа идея ойлап табуды үйренеді. Үшінші, студенттер өз жобаларын жасап, менторлар мен сарапшылардың қолдауымен дамытады. Төртінші, үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шығады», – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Тек студенттер ғана емес оқушылар да ЖИ оқитын болады. Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жыл соңына дейін 52 мектебінің құрылысы аяқталып, бұл білім ошақтарына эксперимент ретінде ЖИ енгізілетінін айтты.