Карина Мамаш бұрынғы күйеуінің ағасын сотқа беремін деп қорқытты

Қазақстандық дипломаттың бұрынғы жары Карина Мамаш экс-жұбайының туыстарын сотқа беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтып, жалған ақпарат таратқан. Бұған қоса, Сәкен Мамашпен ортақ балаларының суреттерін оның рұқсатынсыз жариялап жүргеніне ол қатты наразы.
«Құрметті Нұржан Мамаш, мен жайлы айтқан балағат пен жала – жай ғана хейт емес, заңға қайшы әрекет. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 130 және 131-баптарына (жала жабу, көпшілік алдында қорлау), сондай-ақ ӘҚБтК-нің 73-2 және 73-3-баптарына (қорлау, мазалау) сәйкес қаралады. Барлық материал тіркеліп жатыр, егер мұндай әрекет жалғаса берсе, тиісті органдарға тапсыруға мәжбүр боламын», – деді ол бұрынғы күйеуінің ағасына.
TikTok-та Сәкеннің ағасы Нұржан Мамаш Карина Мамашқа қарсы «жалған арыз» бойынша полицияға жүгінгісі келгенін, бірақ Сәкен оған рұқсат бермегенін айтқан. Бұл жазбаның скриншотын Карина өзі дәлел ретінде жариялады. Осыдан кейін Карина ағасына жауап беріп, оны заң алдында жауапкершілік бар екенін ескертті.
Сонымен қатар, Карина бұрынғы күйеуінің туыстарына жүгініп, өзінің және балалардың суреттерін келісімінсіз жариялау – бейнеқұқық пен авторлық құқықты бұзу екенін атап өтті.
«Жалған айыптаулар жағдайды ушықтырып отыр. Әрбір фото мен жазба тіркелді. Егер «шығармашылығыңызды» жалғастырғыңыз келсе, оны әлеуметтік желіде емес, сотта дәлелдеуге дайын болыңыз», – деп мәлімдеді ол.
Еске салайық, Карина Мамаштың бұрынғы күйеуі Сәкен Мамашты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 6 жылға соттаған еді.Үкім шыққаннан кейін Сәкен Мамаштың туыстарына балағаттауын тоқтатпаса, оларды да сотқа беремін деп ескерткен.