LRT-ны салып жатқан компания жылжымайтын мүлкін сатып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото:City Transportation Systems

Астанада LRT салып жатқан City Transportation Systems (CTS) компаниясы жаппай мүлкін сатып жатыр. Бұл компания елордадағы көлік инфрақұрылымын басқарады. CTS-ке тиесілі ғимараттар e-qazyna.kz электронды алаңында саудаланып жатыр. Аукционнан түскен қаражаттың барлығы жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын аяқтауға жұмсалмақ деп жазады inbusiness.kz.

Сауда бірнеше кезеңмен өтеді. Қыркүйектің басында Есіл ауданындағы бір нысан 17,2 млн теңгеге саудаға шықты. Ал 9 қыркүйекте келесі кезеңде бірден бірнеше лот, соның ішінде Нұра ауданындағы 337,7 млн теңгеден басталатын жер телімі ұсынылады.

Ең қымбат әрі көптің назарын аударған нысан – Бөкейхан көшесіндегі құрылысы аяқталмаған Birlik House тұрғын үй кешені. Оның бастапқы бағасы 3,28 млрд теңге деп белгіленді, бірақ одан әрі өсуі мүмкін.

Аукционға Нұра, Сарыарқа және Есіл аудандарындағы активтер шығарылған. Барлық түскен қаржы Астанадағы метро құрылысына бағытталады.

City Transportation Systems – Астана әкімдігіне қарасты компания. Әзірге қаржылай жағдайы мәз емес. Осы жылдың алғашқы жартысын 11,49 млрд теңге  шығынмен аяқтаған.

Жоспар бойынша LRT келесі жылы көктемде пайдалануға берілуі керек. Қазір 22,4 шақырым болатын желіге рельс төсеу аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыз