
Қырғызстандағы Жалалабад қаласы енді Манас деп аталады. Ел парламентінің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылыс, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитеті арнайы заң жобасын мақұлдады.
Қала атауын өзгертуге бюджеттен 15 млн сом (шамамен 171,5 мың доллар) бөлінеді. Бұл идеяны қала әкімі Эрнисбек Ормоков ұсынған еді. Оның айтуынша, бұл бастама қаланың имиджін көтеріп, инвестиция тартуға ықпал етеді.
«Жалалабад – ең көне қалалардың бірі. Қазіргі атау Шор-Бұлақ бұлағынан су мен балшықпен адамдарды емдеген Жалаладдин жайлы аңызға байланысты шыққан. Халық арасында солай сақталып қалған. Ал Манас атауы – біздің ұлы тарихымыз, ол көп түсіндіруді қажет етпейді деп ойлаймын», – деді қала әкімі.
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов бұл бастамаға пікір білдіріп, Жалалабадқа (Манасқа) ерекше мәртебе беріп, кейбір мемлекеттік органдарды сонда көшіруді ұсынды.
«Қалаға әкімшілік астана мәртебесін беріп, алдымен Жогорку Кенешті (Қырғызстан парламенті) көшіруге болады. Сондай-ақ, оңтүстікке кейбір министрліктерді, ведомстволарды және ірі мемлекеттік компанияларды апарып, Бішкектегі жүктемені азайтуға мүмкіндік бар», – деді Кулов.
Жалалабад – Қырғызстандағы үшінші ірі қала, Жалалабад облысының әкімшілік орталығы. Халқы шамамен 185 мың адам.
Осыған дейін Қырғызстан қар барысын ұлттық символ ретінде бекіткен еді.