Жаңалықтар

Қытайда тайфун соғып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды

Фото: Tian Jianchuan/Globallookpress

Қытайдың Гуандун провинциясы жағалауына «Тапа» атты ірі тайфунның бірі жетті. Соның салдарынан билік мектептерді жауып, ондаған мың адамды эвакуациялады. Бұл жайлы қытайлық басылымдар жазады.

Секундына 30 метрге дейін жеткен екпінді желмен тайфун Цзянмэнь қаласының жағалауына соққан. Тайшань қаласындағы 182 мектеп пен балабақшада сабақ уақытша тоқтады. Цзянмэньнің қауіпті аймақтарынан 41 мыңнан астам адам көшірілді.

Цзянмэнь қаласының теңіз істері басқармасы алдын ала 43 ерікті теңіз құтқару тобы мен 30 кемені дайындыққа қойған. Ал Тайшаньда 3300-ден астам құтқарушы көмек көрсетуге дайын тұр.

Көршілес Янцзян қаласында билік тұрғындар үшін төтенше жағдайда паналайтын орындар ашты. Тайфуннан зардап шеккен аймақтарда нөсер жауын мен қатты жел соғып жатыр.

Синоптиктердің болжамынша, «Тапа» солтүстік-батыс бағытта сағатына шамамен 20 шақырым жылдамдықпен қозғалып, біртіндеп әлсірейді. Дегенмен тұрғындарға абай болып, метеоқызметтің ресми хабарламаларын қадағалау ескертіледі.