
Қымбат тауар сатып алған жағдайда оны қайтаруға немесе айырбастауға бола ма? Ақтөбелік тұрғын банк арқылы 1,3 млн теңгеге қымбат шаңсорғыш алады. Бірақ несие рәсімделгеніне қарамастан келісім-шартты жойып, тауарды қайтарып береді.
Қала тұрғынына жергілікті компаниядан хабарласып, кілемдерін тегін тазалап беруді ұсынады. Бірақ үйге келген соң олар Kirby Avalier шаңсорғышын таныстырып, сатып алуды ұсынады. Негізгі құны – 1 млн 900 мың теңге. Егер ескі шаңсорғышын беретін болса бағасын 1 млн 320 мың теңгеге дейін түсіріп беретінін айтқан. Келген менеджерлер шаңсорғыш жұмысын көрсетіп, тура сол жерде тез шешім қабылдауға ықпал еткен.
Тұтынушы тауарды сатып алып, банктен несие рәсімдейді. Кейін ол несиеден бас тартып, ақшасын қайтарып беруді сұрайды. Ал шаңсорғышты сатқан компания өз кезегінде қаражатты қайтарудан бас тартады.
Несиені кері қайтаруға бола ма?
Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы Заңға сәйкес, сатып алушы тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде қайтаруға немесе айырбастауға құқылы. Бірақ сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қайта есеп айырысуы керек. Қайтарылған тауар басқа мөлшері, нысаны, габариті, пішіні мен түсі, жиынтығы жанынан өзгермеуі керек.
«Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. Егер шартта өзгеше шара көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады», – деп түсіндіреді сауда және интеграция министрлігінен.
Сонымен қатар, Заңның 30-шы бабында тұтынушылардың белгіленген мерзімде қайтаратын тауары пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаты сақталуы қажет екендігі көрсетілген.
Ақтөбелік тұрғын да осы заңға сүйене отырып, арадағы келісім-шарты бұзылып, 1 млн 320 мың теңгеге рәсімделген несие жойылды.