«Ұмай» ипотекасы қыркүйекте басталады деген ақпар – жалған

Отбасы банк 2025 жылдың қыркүйегінде «Ұмай» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы банк ресми әлеуметтік желі парақшаларында хабарлады.
«Желіде «Умай» бағдарламасы қыркүйекте басталады деген ақпарат тарап жатыр. Нақтылаймыз: бұл шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді банкте.
Банк бағдарламаның нақты басталу күні әлі белгіленбегенін, ол жөнінде клиенттерге алдын ала ресми сайт пен Instagram арқылы хабарланатынын атап өтті.
Бұған дейін «Ұмай» әйелдер ипотекасы 2025 жылы іске қосылады деп хабарланған. Жаңартылған шарттар бойынша клиенттерге бастапқы да, қайталама да тұрғын үйді сатып алуға болады, тіркеу бойынша шектеу қойылмайды:
- бастапқы жарна – 20%,
- несие сомасының ең жоғарғы мөлшері – 30 млн теңге,
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 15,4%-дан бастап, кейін 3,6%-ға дейін төмендейді,
- несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғына шектеу қойылмайды. Ал табыс деңгейіне қойылатын шек 40,6%-ға көтерілді – 640 мыңнан 900 мың теңгеге дейін.
«Умай» ипотекасы – Отбасы банк пен Азия даму банкінің (АДБ) бірлескен бастамасы. Бастапқыда бағдарлама ауқатты әйелдерге арналған еді. Ол 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылы уақытша тоқтатылған болатын.