Жаңалықтар

Тұрғын үй мен жалдамалы пәтер бағалары тағы қымбаттап жатыр

Жилье
Астана мен Алматыда .й бағалары тағы қымбаттап жатыр / Фото: shutterstock

Астанада жаңа тұрғын үйлер мен жалдамалы пәтерлер бағасы қайтадан қымбаттай бастады. Бір шаршы метрдің орташа құны 650 мың теңгеге жетті, ал жалдау ақысы шамамен 2%-ға қымбаттаған.

Ал Алматыда жаңа құрылыстар бағасы тұрақты болғанымен, екінші нарық пен жалға алу бағасы әлі де өсіп жатыр. Сарапшылар бағаның өсуін тұрғын үй тапшылығымен, құрылыс материалдарының қымбаттауымен және ипотекалық жүктеменің жоғары болуымен түсіндіреді.

Data Hub деректеріне сүйенсек, соңғы үш жарым жылда Астанадағы жаңа тұрғын үйлердің бағасы шамамен 4%-ға өскен. Бұл – 2022 жылдың наурызынан бергі ең үлкен көрсеткіш.

Соңғы он жылда мұндай өсім көп болмаған. Бүгінде елордадағы жаңа үйлердегі бір шаршы метрдің орташа бағасы 650 мың теңгеге жақындап, халықтың басым бөлігінің нақты табысынан айтарлықтай асып кетіп отыр.

Жалға алу бағасы да өсуде. Мәселен тамыз айында Астанада пәтер жалдау ақысы шамамен 2%-ға қымбаттады. Сарапшылар былтыр желтоқсандағы өсім одан да жоғары болғанын еске салады. Дегенмен қазіргі өсімнің өз себебі бар, яғни әдетте жаңа оқу жылы қарсаңында жалға беру бағасы тұрақты түрде көтеріледі. Студенттер мен ата-аналардың тамыз айында міндетті түрде баспана іздейтіні айтпаса да түсінікті.

Алматыда жағдай басқаша. Мұнда жаңа үйлердің бағасы екінші ай қатарынан өзгеріссіз қалды, алайда «екінші нарықтағы» пәтерлер 0,6%-ға қымбаттаған.

Мегаполисте жалдау ақысы да шілдеге қарағанда 1,7%-ға өсті. Қазір пәтерді жалға алудың орташа бағасы айына 300 мың теңгеден асып кеткен.

Экономист мамандар бағаның өсуіне бірнеше себеп барын айтады:

  • тұрғын үй тапшылығы мен сұраныстың жоғары болуы;
  • құрылыс материалдарының қымбаттауы;
  • ипотекалық жүктеменің артуы — бұл кейбір сатып алушыларды жалға алу нарығына көшуге мәжбүрлеп, оны шамадан тыс қыздырып отыр.

Сарапшылардың болжамынша, күзде нарықтағы жағдай әлі де күрделі болмақ. Жалға алу мен сатып алуға сұраныс жоғары, сондықтан баға өсе береді. Тек қыс мезгілінде, сұраныс саябырлап, біршама тұрақтауы мүмкін.