Жаңалықтар

Бас прокуратура лотерея өткізетін жұлдыздарға ескерту жасады

лотерея
Фото: коллаж Kursiv Media

Қазақстанда лотерея ұтысын тек лотерея операторлары ғана өткізе алады. Бұл заңнаманы бұзғандар айыппұл төлеп, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Бас прокуратура осындай ескерту жариялады.

«Лотерея ұтысын лотерея операторлары ғана өткізе алады. Лотерея операторы – уәкілетті мемлекеттік органнан тиісті рұқсаты бар лотерея өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға. Лотереяны өткізу шарттарын Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігімен келісуге міндетті», – деп жазылған хабарламада.

Қазір заңды түрде лотерея өткізу құқығы тек «Сәтті жұлдыз» операторына ғана берілген және оған тек 18-ге толған азаматтар ғана қатысады. Рұқсат алмаса да лотерея өткізуге жеке тұлғаларға қатаң тыйым салынады.

Заңнаманы бұзғандар Әкімшілік кодекстің 445-1-бабы бойынша 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Ал лотерея қызметін алаяқтық мақсатта пайдаланғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жақында 10 көлікті ұтысқа қойған блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты Астанада сот процесі басталды. Блогердің ұтысына қатысу үшін құны 30 мың теңге тұратын курс сатып алу керек болған.

Жанәбіловтың әрекетіне күмән келтірген Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитеті өкілі курсын сатып алып та көрген. Бірақ ақпарат толық берілмеген деп, оның сапасына күмән келтірді.

Дәл осылай жаңа кітабын шығарған блогер Фариза Төрәлі де сатып алушылар арасында көлік ойнатқан.