
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің атына депутаттық сауал жолдап, валюталық депозиттердің пайыздық мөлшерлемесіне қойылған шектеуді алып тастау керек деп мәлімдеді.
Қазір мұндай салымдардың ең жоғары мөлшерлемесі жылына 1% ғана болса, ал банктер халықаралық нарықтан валюталық қарызды 6–7% және одан да жоғары пайызбен тартып отыр. Депутаттың айтуынша, бұл шектеулер банктерге 160 млрд теңге кепілді табыс әкелген.
Сонымен қатар депуттың айтуынша, 2019 жылдан бері банктерге ағымдағы шоттағы қаражатқа пайыз төлеуге тыйым салынған. Соның арқасында 2024 жылы банктер клиенттердің 9,2 трлн теңгесін тегін тартып, оларды орналастыру есебінен шамамен 900 млрд теңге пайда тапты. Осыған ұқсас жағдай валюталық депозиттерде де байқалды.
Осы ретте фракция депутаттары бірқатар ұсыныс жасады:
- Ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу, оның ішінде кепілдік пен субсидиялау жүйесін дамыту.
- Шағын және орта бизнеске берілетін кредиттердің үлесін 40%-ға дейін жеткізу;
- Ірі банктердің нарықтағы үлесін халықаралық стандарттарға сәйкес шектеу;
- Депозиттер бойынша әділетті мөлшерлемелерді енгізу;
- Акционерлердің қаржылық жауапкершілігін заң жүзінде бекіту;
- Салықтық жеңілдіктерді толық ашық жариялау.
Қазіргі кезде қазақстандықтардың депозитінде 44 трлн теңге жатыр. Соныі ішінде шетел валютасындағы қаражат көлемі 11,4 трлн теңгеден 11,5 трлн теңгеге дейін сәл өскен.