Жаңалықтар

Түркістанда руханият орталығының басшысы қалыңдығын еркінен тыс алып кетпек болды

Руханият орталығының басшысы қалыңдығын еркінен тыс алып кетпек болды/Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Түркібас аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Руханият орталығының» басшысының басы дауға қалды. Оның кофеханалардың бірінде жас қызды еркінен тыс сүйрегені видеоға түсіп, желіге тарап кетті.

Желіде Түркістан облысы Түркібас аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Руханият орталығының» басшысы Қанат Елеуовтің кофеханада көрші үстелде отырған жас қызды еркінен тыс сүйреп әкеткен видеосы тарады. Күштеп әкеткенге көнбеген қыз оның қолынан қашып шығып, қайта кофеханаға кірген. Қыз еркіне көнбеген соң, Елеуов әлдекімге қоңырау шалып, келуін сұраған.

Оқиғаға қатысты орталық басшысына бірнеше рет қоңырау шалдық. Бірақ тұтқасын көтермеді, сөйлесе алмадық. Аудан әкімдігі әлеуметтік желіде жарияланған видеоға байланысты негізсіз ақпарат тарап жатқанын хабарлады. Елеуов сүйреген қыз оның қалыңдығы, түсінбеушілік қызғаныштан болған.

«Аталған жағдайға қатысты азамат пен азаматша арасында жеке сипаттағы, тұрмыстық негіздегі түсініспеушілік орын алған. Қос тарап бірге қызмет атқарады. Екеуі де алдағы уақытта заңды некеге тұруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оқиға тек қызғаныштан туындаған сәттік эмоцияға байланысты болған. Қазіргі уақытта тараптар өзара түсінісіп татуласқан. Құқық қорғау органдарына қандай да бір шағым түспеген», – делінген Түркібас ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Әкімдік бұл оқиға видео кейіпкерінің кәсіби беделіне әсер ететіндей құқықтық немесе тәртіптік сипатта қарастырылмайтынын мәлімдеді. Ал облыстық полиция департаменті таралған видеоға қатысты тексеру жүргенін мәлімдеді.

«Бейнежазбадан жақын қарым-қатынаста болған екі жас арасындағы келіспеушілік анықталды. Қазіргі уақытта жағдай реттеліп, тараптар өзара түсіністі. Полицияға арыз-шағым түскен жоқ. Бейнематериалда баяндалған мән-жайларға тексеру жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады», – делінген полиция хабарламасында.