Жаңалықтар

Алматыда оқушы бойжеткенге әдепсіз қылық көрсетіп, қашып кеткен (видео)

Алматыда жасөспірім мектепішілік есепке қойылды/фото: polisia.kz

Алматыда бойжеткенді артынан аңдып, бейәдеп әрекетке барған жасөспірім анықталды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның бойжеткенге жақын барып, әдепсіз әрекет жасаған видеосы тарады. Ол бірден оқиға орнынан кетіп қалған. Видеоны мына жерден көруге болады.

Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол сол ауданның 14 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқушы мектепішілік есепке қойылды», – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар бұл дерек бойынша материалдар Түрксіб ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралатын болды.

«Жасөспіріммен және оның отбасымен профилактикалық жұмыс жүргізілді, оған психолог та қатысты», – делінген ақпаратта.

Полиция кәмелетке толмағандарға заңда көзделген барлық тәрбиелік және алдын алу шарасы қолданылатынын еске салды.