Жаңалықтар

Министр «аутизмі бар балаларды өлтіру керек» деген блогердің сөзіне пікір білдірді

Светлана Жақыпова блогердің мәлімдемесіне қатысты ойын айтты/фото: egov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «аутизмі бар балаларды өлтіру керек» деген блогердің сөзіне пікір білдірді. Министр бұл пікірге мүлде келіспейтінін жеткізді.

«Мұндай жағдайлар мен мәлімдемелер тіркелмеуі керек. Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Мүгедектігі бар адамдарды кемсітуге жол бермейміз. Қазір аутизм бұзылысы бар балалар бірнеше мемлекеттік органның – Оқу-ағарту министрлігі, Еңбек министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында тұр. Біз бұл балаларды толық қолдаймыз, ал блогерге қатысты құқық қорғау органдары дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын», – деді Светлана Жақыпова.

Бұған дейін блогер Райхан Жұмамұратова «аутистер көбейіп кетті, оларды емдеу керек, егер емделмесе өлтіру немесе арнайы «аутизмге арналған» ауруханалар ашу қажет. Аутизмі бар баланың ешқандай сезімі жоқ», деп жазған.

Осыдан кейін «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығы Бас прокуратура және ішкі істер министрлігіне ерекшелігі бар балалардың ата-аналарынан түскен көптеген өтінішке байланысты ресми сұрау жолдады.

Содан кейін блогер Райхан Жұмамұратоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алматы полициясы заң аясында шара қабылданатынын хабарлады.

«Қорлау, әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын материалдар үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік қарастырылған. Қылмысқа шақыратын немесе азаматтардың құқықтарын бұзатын кез келген пікірге жол берілмейді», – делінген Алматы ПД хабарламасында.