
Алматыда жыл басынан бері сапасыз жұмыс жүргізіп, ережені бұзғаны үшін 58 мердігер ұйым, 7 техникалық қадағалау компаниясы және 43 жобалау фирмасы жауапқа тартылған. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қалалық басқарма басшыларымен өткізген кеңес барысында айтылды.
Жиын барысында әкім ұзақ уақыт қазылып жатқан жерлер тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын жеткізіп, траншеяларды қоршаусыз қалдыруға, көшелерді қоқыс пен топыраққа толтыруға және асфальтты сапасыз төсеуге болмайтынын айтқан.
«Жолды ұзақ уақыт қазып тастауға болмайды. Әрбір мердігер мен тапсырыс беруші жұмысына жауапты. Қала қысқа дайын болып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек», – деген әкім.
Дархан Сатыбалды сондай-ақ қазылған жолдарды қалпына келтіруге бақылауды күшейтуді, мердігерлерді жауапқа тартуды, әсіресе, «Алматы Су» және басқа коммуналдық қызметтердің жұмысына ерекше назар аударуды тапсырған.
Сонымен қатар жыл соңына дейін бекітілген мерзімінен кешігіп жатқан нысандарды аяқтау, тау бөктеріндегі құрылысқа бақылауды күшейту, Бас жоспарды уақытылы түзету, қала қысқа толық дайын болуы үшін арнайы техника мен реагенттерді белгіленген мерзімде сатып алуды міндеттеген.
Бұған дейін, халық сынынан кейін әл-Фараби даңғылында жөндеу жұмыстары жүргізілмейтін болғанын хабарлағанбыз.