Депутат Алматыдағы 40 қабатты кешен құрылысына тыйым салу бастамасын көтерді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Депутат Алматыдағы 40 қабатты кешен құрылысына тыйым салу бастамасын көтерді
Депутат Алматыдағы 40 қабатты кешен құрылысына тыйым салу бастамасын көтерді / фото: rams-beyondalmaty.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматының сәулеттік тұтастығы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында қаланың өмірін тұралатып тұрған бейберекет құрылысты тоқтатуды сұрап, Үкімет басшысы мен Алматы әкіміне қайырылды.

Депутат «RAMS» құрылыс компаниясының жырға айналған жобаларына жеке тоқталғысы келетінін жеткізіп, өзіне аталған компания салып жатқан үй кешендеріне қатысты шағым өте көп түсетінін атап өтті.

«Компанияның көпшілік кешендері құрылыс нормаларын бұзудан бастап, ашық кемшіліктерге дейін қатаң сынға ілінуде. Бұрынғы жобаларын аяқтамастан аталмыш компания жаңа ауқымды жобаларды бастап жібереді», – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, компания уәде еткен бірқатар әлеуметтік маңызы бар бастамаларын жүзеге асырмаған. Тар көшелерді кеңейту, трансформаторлық қосалқы станса салу, мектеп пен емхана тұрғызу, жақын маңдағы өзенді абаттандыру және алматылықтардың барлығына арналған алты гектар аумақты көгалдандыру сияқты уәдесін орындамаған

«Аяқталмаған нысандар тізімін ұзақ жалғастыруға болады, соған қарамастан, компания одан да ауқымды жобаға кірісті, ол – бес он қабатты үйдің ортасында 40 қабатты «Beyond» мұнарасын салу. Бұл нысан қоғамның жаппай наразылығын туғызды. Парламент депутаттарының араласуымен құрылыс тоқтатылып, мақсатқа сәйкестігі мен заңдылығына тексеріс басталды» деген ол жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз және рұқсатсыз салынып жатқан 40 қабатты «Beyond» мұнарасының құрылысына тыйым салуды сұрап, ол аумаққа саябақ немесе әлеуметтік нысан салу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Сондай-ақ депутат соңғы 5 жылда «RAMS» компаниясы пайдалануға берген нысандардың рұқсат құжаттарын және құрылыс сапасын тексеру туралы бастама көтереді.

Бұған дейін, алматылықтар үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етіп, E-petition.kz  платформасына петиция жариялаған еді. Олар ғимараттың орнына қоғамдық саябақ салу керек деп есептейді.

Кейін тұрғындар мәселесіне депутат Бақытжан Базарбек құлақ түріп, ұзамай Rams Beyond ғимаратының құрылысы тоқтатылған.

Сондай-ақ оқыңыз