
Ішкі істер министрлігі президент жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бойынша жедел кеңес өткізіп, ондағы бастамаларды іске асыруға кіріскенін хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, зорлық-зомбылық пен қоғамға жат мінез-құлықтың алдын алу үшін құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін ойын-сауық орындарының қызметіне бақылау күшейтіледі. Ол мақсатта әкімдіктермен бірлесіп, мұндай орындарға мониторинг жүргізіледі.
Одан бөлек:
- Мал ұрлығының алдын алу үшін ауылдық жерлерде рейдтер жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп малды чиптеу мәселесін жеделдетіледі;
 - Транзиттік көліктерді негізсіз тоқтату тыйылып, теміржол жолдарындағы контейнерлік тасымалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіледі;
 - Самокаттар белсенді қолданылатын жерлерде патрульдеу күшейтіледі;
 - Киберқылмыспен күрес аясында дропперлік үшін жауапкершілік күшейтіліп, SIM-карталардың айналымы бақыланады;
 - Бизнесті заңсыз тексеру шектеледі;
 - Туристік полиция қызметі дамытылады.
 
Министр Ержан Саденов барлық қызметтер мен аумақтық бөліністердің басшыларына жүктелген міндеттерді дереу орындауға кірісуді тапсырды.
Бұған дейін, Тоқаевтың сынынан кейін Алматыда самокаттарға бақылау күшейтілген.