Қытай көліктеріндегі жылжымалы тұтқа өзін ақтамады, одан толықтай бас тартуы мүмкін

Қытайдың реттеуші органдары автокөліктегі толықтай жылжымалы (жасырын) есік тұтқаларына тыйым салуы мүмкін. Бұл олардың қауіпсіздікке қатер төндіретіні мен функционалдық кемшіліктеріне байланысты болып отыр, деп жазады ixbt.com сайты.
Қазіргі уақытта жаңа ереже талқыланып жатыр. Реттеуші орган толықтай кіріп тұратын есік тұтқаларына тыйым салып, жартылай кіріп тұратын және дәстүрлі есік тұтқаларына рұқсат етпек. Тыйым 2027 жылдың шілдесінде күшіне енуі мүмкін.
Осыған дейінгі қолданыс барысында жасырын есік тұтқаларының елеулі кемшіліктері байқалған. Мұндай тұтқалар механикалыққа қарағанда үш есе қымбат, бірақ істен шығу ықтималдығы сегіз есе жоғары. Өндірушілердің бірі есік тұтқаларының ақауы барлық жөндеу жағдайларының 12%-ын құрайтынын, көбіне бүкіл тетікті қымбатқа ауыстыруды талап ететінін хабарлаған.
2024 жылы Чанчунь қаласында электромобиль жолаушылары тұтқаның моторы қатып қалғандықтан көліктің ішінде қалып қойған.
2024 жылғы нөсерлі маусымда Гуандун провинциясында электрлі есік тұтқалары тұйықталып, есіктер ашылмай қалған. Жолаушылар аман қалу үшін әйнекті сындыруға мәжбүр болған.
Қытайда жүргізген краш-тесттер электрондық есік тұтқалары бар көліктер бүйірінен соққы алғанда есіктің ашылу ықтималдығы 67% екенін көрсеткен. Ал механикалық тұтқаларда бұл көрсеткіш – 98%.
Пайдаланушылар толықтай кіріп тұратын тұтқалардың қолайсыздығы туралы жиі айтқан. Сондай-ақ, мұндай тұтқалар экстремалды ауа райында, мысалы, аяз кезінде істен шығуға бейім келеді.
Бұған дейін, Қытайдың 2025 жылғы ең «ақылды» автокөліктерінің рейтингі жарияланған.