Жетім балаларды интернат ұйымдарына орналастыру тәртібі өзгерді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Жетім балаларды интернат ұйымдарына орналастыру тәртібі өзгерді
Жетім балаларды интернат ұйымдарына орналастыру тәртібі өзгерді / фото: Оқу-ағарту министрлігі

2025 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернат ұйымдарына жолдау тәртібі өзгерді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Енді бала анықталған сәттен бастап қорғаншылық және қамқоршылық органдары оларды алдымен үш тәулікке дейін толық тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарға уақытша орналастыруға міндетті.

«Бұл қадам баланың денсаулығын дер кезінде тексеруге, қажет болса медициналық көмек көрсетуге және заң аясында әрі қарайғы қолдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әрбір бала алғашқы күннен-ақ мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінеді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Депутаттардың бастамасы ҚР Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету туралы заң аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен қабылданған.

Бүгінде республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйым бар. Онда 3,6 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ, 17 мыңнан астам жетім бала отбасылардың қамқорлығында өсіп жатыр.

Бұған дейін, мемлекет 5 жасқа дейінгі балаларға білім алуға ақша беретінін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз