Жаңалықтар

Алаяқтар дипфейк арқылы танымал адамдардың атынан жалған жарнама таратады

Алаяқтар дипфейкті қолданады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазір алаяқтар дипфейк техноголиясын қолданып, танымал адамдардың атына жалған жарнама таратады. Ұлттық Банк соңғы уақытта жасанды интеллект (нейрожелілер) көмегімен жасалған алаяқтық әрекеттердің жиілегенін хабарлады.

Алаяқтар ресми тұлғалардың бейнеүндеулерін пайдаланып, жалған видеороликтер жасап таратады. Мұндай бейнелерде азаматтарға алаяқтардан зардап шеккен жағдайда тегін көмек көрсетілетіні айтылып, сенімге кірмек болады. Жалған видеолар YouTube, Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарнама арқылы тарайды.

Бұл үшін «дипфейк» технологиясы қолданылады. Ол адамның бейнесі мен дауысын шынайы етіп көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай материалдар дезинформация тарату, қоғамдық пікірді манипуляциялау және мемлекеттік органдарға деген сенімді әлсіретуге бағытталған.

Ұлттық Банк азаматтарға бейнематериалдарды мұқият қарап, жасанды белгілерді байқауға кеңес береді. Видеодағы адамның мимикасы табиғи болмауы мүмкін, сондай-ақ суретте бұрмалау кездеседі. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз аккаунттарға сенбеу керек.

Сонымен қатар, алаяқтар азаматтардың жеке дерегі мен қаржысын иемдену үшін жалған мессенджер аккаунттарын және ресми сайттарға ұқсас интернет-ресурстарды құрады. Олар сенімді арттыру мақсатында мемлекеттік органдар мен компания басшыларының ашық дереккөздерден алынға суреттерін пайдаланады.

Бұл ретте Ұлттық Банк қызметкерлері азаматтарға аудио және бейнеқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың есепшоттарын жүргізбейді, қаржылық өнімдер мен инвестициялық ұсыныстар жасамайды, қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен есеп айырыспайды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі аккаунтты алаяқтардан қорғау жолындағы қарапайым алайда маңызды ережелерді еске салған.