«Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компаниясының экс-басшысы 86 млн теңге жымқырған

Қаржы мониторингі агенттігі «Волковгеология» компаниясында ақша жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл компания – «Қазатомөнеркәсіпке» қарайтын, геологиялық барлау және бұрғылаумен айналысатын негізгі кәсіпорындардың бірі.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, компанияның бұрынғы басшысы Дінмұхамед Молдаши екі жыл бойы жалған құжаттар жасатып отырған. Құжаттарда «Қазбурмаш СК» компаниясынан қосалқы бөлшектер жеткізілді деп көрсетілген, бірақ шын мәнінде ештеңе жеткізілмеген.
Осы құжаттарға сүйене отырып, контрагентке 86 миллион теңгеден астам ақша аударылған.
Тергеу барысында күдіктілер мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеп берді. Қазір іс сотқа жолданды.
Бұған дейін осы іс бойынша «Волковгеология» филиалының директоры А.М. Борашев, «Қазбурмаш СК» басшысы Е.С. Алипбаев және бухгалтер Г.Ж. Токатаева 3 жылдан 7 жылға дейін түрмеге кесілген болатын.
Дінмұхамед Молдаши «Волковгеология» компаниясында 2015 жылдан бері жұмыс істеп келген.
«Волковгеологияның» негізгі акционері – «Қазатомөнеркәсіп». Ол компанияның бақылау пакетін тікелей, сондай-ақ еншілес кәсіпорын – «Үлбі металлургия зауыты» арқылы жанама түрде иеленеді. Компанияның негізгі қызметіне барлау және өндіру ұңғымаларын бұрғылау, уран кен орындарын геологиялық барлау мен зерттеу, сондай-ақ радиациялық деңгейлерді бақылау жатады.