Жабылған банктер мойнындағы қарызын қалай өтеп жатыр

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратылып жатқан банктерге қойылған талаптардың орындалу барысын жариялады. Барлығы тоғыз банктің мойнында борыш бар.
Солардың ішінде Delta Bank, Эксимбанк, Қазинвестбанк (үшінші кезек бойынша), сондай-ақ Tengri Bank пен Capital Bank Kazakhstan өз міндеттемелерін толық орындаған.
Жалпы жабылған банктердің мойнындағы қарызы 116,3 млрд теңгені құраса, 2024 жылы банктердің өтеген сомасы 4,3 млрд теңге болды. Оның ішінде:
- Asia Credit Bank – 1,2 млрд теңге,
- Астана банкі – 2,9 млрд теңге,
- Qazaq Banki – 206 млн теңге,
- Валют-Транзит Банк – 55 млн теңге қайтарған.
ҚДКБҚ есебіне сәйкес, әр банкке қойылған талап көлемі мен қанағаттандырылу деңгейі әртүрлі.
Мәселен, Валют-Транзит Банктің 18,3 млрд теңге қарызының 58,7%-ы ғана өтелген. Qazaq Banki бойынша 20,5 млрд теңгенің небәрі 28%-ы, ал Asia Credit Bank-тің 19 млрд теңгелік міндеттемесінің 24,5%-ы орындалған.
Бұған қоса, Астана Банктің 37,5 млрд теңгеден 73,4%-ы өтелсе, Эксимбанк (258 млн теңге), Tengri Bank (17,7 млрд теңге) және Capital Bank Kazakhstan (1,6 млрд теңге) міндеттемені толық жапқан.
Былтыр жабылған банктердің топ-менеджерлері банктерге 118 млрд теңге шығын келтіргені белгілі болды.