Lifestyle

Сырым Исабаев Қайрат Нұртаспен не үшін ұрысып қалғанын айтты

Сырым Исабаев Қайрат Нұртаспен не үшін ұрысты? / фото: ашық дереккөз

Он жылдан кейін сахнаға қайта оралған әнші Сырым Исабаев TalkLike жобасына берген сұхбатында Қайрат Нұртаспен арадағы түсініспеушіліктің себебін ашып айтты.

Әншінің айтуынша, шығармашылық жолының басында Қайрат екеуінің ой-өрісі бір жерден шығып, достық пен шығармашылық байланыс жақсы дамыған.

«Менің әндерім оған ұнайтын, екеуіміз жиі тыңдап, жаңа бағыттарды талқылайтынбыз. Бәрі жүйелі түрде келе жатты», – дейді Исабаев.

Алайда уақыт өте келе әркімнің жеке көзқарасы мен пікірі қалыптаса бастаған.

«Сол кезде түсіндік: егер осылай жалғаса беретін болса, арты ұрыспен аяқталатынын. Бұл жерде біреуді кінәлау дұрыс емес. Ол кезде бәрін Қайраттың анасы – Гүлзира әпкеміз басқаратын. Біз не айтса, соны істейтінбіз», – деп еске алды ол.

Сырым мен Қайрат «Қос жүрек», «Сағыныш», «Жас дәурен» сияқты халыққа кеңінен тараған әндерді орындап, тыңдарман сүйіспеншілігіне бөленген еді.