
Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының төрт бірдей өкілі жартылай финалға жолдама алды.
Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Ширек финалда франциялық Макан Траорені айқын басымдықпен жеңіп, кем дегенде қола медальді қоржынға салды.
Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін) да жарқырай түсті. Жапониялық Руй Ямагучимен кездесуде қарсыласын бірінші раундта-ақ нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, жартылай финалға шығып, финал жолдамасы үшін бақ сынайтын болады.
Әйелдер құрамасы да жетістіктерімен қуантты. Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) жаңа зеландиялық Элин Даниэль Ли-Лоны тізе бүктіріп, кем дегенде қола медаль алуға мүмкіндік алды. Ал Виктория Графеева (60 келіге дейін) өзбекстандық Ситора Турдибековамен болған кездесуде сенімді өнер көрсетіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Ливерпульдегі әлем чемпионатында төрт бірдей медальді қоржынға түсіріп, жартылай финалға жолдама алды. Алдағы уақытта басқа да боксшыларымыз шаршы алаңға шығады.