Шымбұлақтағы аспалы жол тоқтап қалды: ТЖМ биікте қалып қойған 21 адамды құтқарды

Шымбұлақ курортындағы аспалы жол аяқасты тоқтап қалып, құтқарушылар кабиналарда қалып қойған 21 адамды жерге түсірді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында «Комби-2» аспалы жолы тоқтап қалған.
Аспалы жолда қалып қойған адамдарды құтқаруға Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары, ТЖМ РЖҚЖ және курорттың қызметкерлері жеткен.
Құтқару жұмыстарының нәтижесінде:
- аспалы көпір кабиналарында қалған 21 адам альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен жерге түсірілген;
- Талғар асуында қалған 100 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
Курорт қонақтарына «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының әкімшілігі ыстық сусындар ұсынып, жылынатын орындармен қамтамасыз еткені айтылады.
«Зардап шеккендер жоқ. Аспалы жол уақытша жұмыс істемейді – қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген ТЖМ хабарламасында.