Жаңалықтар

Дәрігерлерге соңғы 5 жылда 170 рет шабуыл жасалған – депутат

Doctor beaten in Kostanay regains consciousness
Соңғы 5 жылда дәрігерлерге 170 рет шабуыл жасалған / Фото: kursiv.media архив

Соңғы 5 жылда дәрігерлерге 170 рет шабуыл жасалған. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым дәрігердің құқын заң негізінде қорғауды ұсынып, вице-премьер Ермек Көшербаевқа сауал жолдады.

Депутат дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың мәртебесін көтеру керек деп санайды. Айтуынша, қазіргі қоғамда дәрігерлердің мәртбесі тым төмендеп кеткен.

«Соңғы 5 жылда дәрігерлерге 170-тен астам шабуыл жасалған. Бұл ресми тіркелген дерек. Медицина қызметкерлері күн сайынғы өзінің қызметі барысында науқастар мен олардың агрессивті туыстарының тарапынан жасалған түрлі дөрекі әрекетіне төзуге мәжбүр. Басқа салаларда дәл медицина қызметкерлеріне жасалғандай агрессия жасалмайтын шығар», – дейді Нұрым.

Сондай-ақ мұндай заңсыздықтарға тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны себепті мұндай олқылықтарға жиі жол беріліп жатады. Депутат тек науқастардың құқын қорғап қоймай, сонымен бірге дәрігерлердің де құқын заңмен қорғау маңызды деп санайды.

«Науқас әрқашан дұрыс айтады» – деген қанатты сөз елімізде ұранға айналған. Дәрігердің құндылығы жойылды. Өкінішке орай, денсаулық сақтау саласы – қызмет көрсету саласына, ал дәрігерлер қызмет көрсетуші персоналға айналып кетті. Неге екені белгісіз, дәрігерлерден өз міндеттерін орындау талап етіледі де, құқықтары ескерілмейді. Дәрігерге қатысты зорлық-зомбылық тұрмыстық оқиға емес, қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін заңмен бекітетін уақыт жетті», – дейді депутат.

Сондай-ақ Гүлдара Нұрым дәрігерлерге қарсы агрессияға тоқсауық болу үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынды. Медицина мамандарының қауіпсіздігін сақтау үшін мекемелерге бейнебақылау қойылып, дабыл түймелерін орнату, әр дәрігерді бейнежетондармен қамтамасыз ету қажет екенін айтты.