
2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін денсаулық сақтау саласындағы 7 ақпараттық жүйе 2 платформаға біріктіріледі. Осылайша саладағы 30-ға жуық ақапраттық жүйе ортақ платформаға интеграцияланады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Цифрлық штабтың отырысында айтылған.
«Мемлекет басшысы цифрлық қалыпқа көшу арқылы экономиканың барлық салаларын жаңғырту міндетін қойды. Сондықтан ЖИ енгізу нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деген Бектенов.
Премьер-министр бұл тапсырманы орындау үшін нақты тапсырмалар берген. Олар келесідей:
- 2025 жылдың 15 қарашасына дейін денсаулық сақтау саласының басым бағыттары бойынша НҚА-ға тиісті өзгерістер енгізу. Бұл орайда отандық стартаптарды пайдалану.
- 20 желтоқсанға дейін денсаулық сақтау саласындағы 7 әртүрлі ақпараттық жүйені Qaztech базасындағы 2 платформаға интеграциялау;
- Желтоқсан айынан бастап электр және жылу желілерін диагностикалауда жасанды интеллекті технологияларын пайдалану;
- жыл соңына дейін, яғни 20 желтоқсанға дейін отын-энергетикалық кешеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру;
ЖИ және жүйелерді ортақ платформаға интеграциялау
Салаға жасанды интеллекті технологияларын енгізу мынадай мүмкіндіктерге жол ашады:
- Денсаулық сақтау саласында нормативтік құқықтық актілерге (НҚА) өзгеріс енгізу арқылы салада ЖИ дамып, нәтижесінде медициналық мекемелерге отандық инновациялық жобалар енгізуге мүмкіндік туады;
- дәрігерлерге арналған ЖИ-ассистент, онкологиялық және тағы да басқа ауруларды ерте анықтау бойынша функционал іске қосылады;
- салада жұмыс істеп тұрған барлық 30 шақты бірін бірі қайталайтын жүйе біріздендіріледі;
- ортақ платформаға біріктіру медициналық персоналдың жұмысын жеңілдетіп, жүктемесін азайтады.
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында тез арада Цифрлық кодексті қабылдап, Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналдыруды тапсырған болатын.