Жаңалықтар

Толық емес отбасыларға берілетін жәрдемақы тоқтай ма – министр жауап берді

Толық емес отбасыларға берілетін жәрдемақы тоқтатыла ма?/Фото: коллаж kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда толық емес отбасыларға берілетін көмек түрі мен жәрдемақы пайда болған соң, ажырасу көрсеткіштері күрт өскенін айтып, мұндай көмек түрін сынға алды. Журналистер Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан бұл мәселені қалай шешетінін сұрады.

«Президент жолдауда толық емес отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрі пайда болған соң, елде ажырасу көрсеткіші өсіп кеткенін айтты. Министрлік толық емес отбасыларға берілетін көмекті қысқарта ма?» – деп сұрады журналист.

Министр жеңілдіктерді бірден алып тастамайтынын, салалық министрліктер мен құзырлы орган өкілдерімен ақылдаса отырып, нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

«Президенттің жолдауын бәріңіз тыңдадыңыздар. Кеше үкіметте де осы мәселе талқыланды. Десе де, қандай да бір саладағы жеңілдіктерді түбегейлі алып тастау мәселесі әлі шешілген жоқ. Себебі ол туралы айту әлі ерте. Мұндай шешім бірнеше құзырлы органмен ақылдаса отырып қабылданады. Қазақстанның әр өңірінде мемлекеттік көмектің 117 түрі бар. Осыны реттеу керек. Ол үшін әлеуметтік көмек көрсетудің бірыңғай стандартын енгізуді көздеп отырмыз. Бұл стандарттар жекелеген аймақтарда, жекелеген азаматтарға ғана қолданылмайды. Барлық азаматтарға ортақ стандарт енгізіледі», – деді Жақыпова.