2100 жылға қарай су тапшылығының кесірінен 250 млн адам қоныс аударуы мүмкін

2100 жылға дейін бүкіл әлемде шамамен 250 миллион адам қуаңшылық пен су тапшылығы салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болады.
Report агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Әзербайжан география институтының ғылыми қызметкері Ровшан Керимов Баку Water Week аясында өткен «Жаһандық климаттық өзгерістер: Әзербайжанда қуаңшылық тәуекелдерін басқару» атты панельдік талқылауда айтты.
Оның сөзінше, су тапшылығы адамдарды қоныс аударуға итермелейді. Мысалы, таулы аймақтардан жазықтарға көшуге, шаруашылықтарда судың жоқтығы табысты азайтып, қолайлырақ жағдай іздеуге мәжбүрлейді. Ғалымның сөзіне қарағанда, тіпті дамыған елдерде де адамдар климаттың өзгеруі салдарынан жиірек көшіп-қонып жатыр. Өйткені оларда оған қаржы мүмкіндігі бар.
Керимов Әзербайжанның құрғақ климатты елдер қатарына жататынын айтты. Құба, Шабран, Сиязань, Хызы, Самух және Агсу аудандарын қоса алғанда, бірқатар өңірлерде су тапшылығына байланысты қоныс аудару байқалып отыр. Әсіресе Құба ауданынан жаппай халық көшіп жатыр.
Сонымен қатар, ғалым бұл үдерісте әйелдердің көп зардап шегетінін ерекше атап өтті. Себебі олар шаруашылық жұмыстарына көбірек араласады.
«Су болмаған кезде, олар оны алу үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр. Бұл олардың балаларға және өз білімдеріне арнауға болатын қымбат уақытын алып қояды», – деді сарапшы.