
Өзбекстан зейнет жасын көтеруді жоспарлап жатыр. Бұл туралы зейнетақы қорының атқарушы директоры Муродбек Отажонов хабарлады.
Spot агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстан ең төменгі зейнет жасын арттыруға дайындық жүргізіп жатыр.
32 жыл өзгермеген
Зейнетақы реформасының жобасына сәйкес, ерлер үшін зейнет жасы 60-тан 63-ке, әйелдер үшін 55-тен 58 жасқа дейін ұлғайтылады. Бірақ бірден көтерілмейді. Жыл сайын жарты жылға артып отырады.
Отажоновтың айтуынша, әлемнің көптеген елінде ең төменгі зейнет жасы 65 жастан жоғары. Ал Өзбекстанда «Азаматтарды мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылданғаннан бері, яғни 32 жылдан бері, зейнет жасы өзгермеген. «Өзбекстаннан басқа елдердің барлығы зейнет жасын әлдеқашан көтерді», – деді ол.
Адамдар ұзақ жасап жатыр
Сонымен қатар Зейнетақы қорының директоры елдегі орташа өмір сүру ұзақтығының өсіп келе жатқанын атап өтті. Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде бұл көрсеткіш – 75 жас.
Отажоновтың айтуынша, зейнет жасын көтеру туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Халықтан ұсыныстар жинау үшін арнайы платформа іске қосылмақ. Бір ай ішінде ұсыныстар қабылданып, кейін талқыланып, қажетті өзгерістер енгізілген соң, зейнетақы реформасының жобасы жұртшылыққа таныстырылады.
Реформа 12 жылға созылады
Сондай-ақ Муродбек Отажонов жұмсақтау нұсқа да қарастырылуы мүмкін екенін айтты. Яғни жылына жарты жыл емес, үш айда көтеріліп отыруы мүмкін. Бұл жағдайда зейнет жасы әр төрт жыл сайын бір жасқа өсіп, бүкіл реформа 12 жылға созылады.
Сонымен қатар, Өзбекстанда адамдарды рұқсатсыз түсіруге тыйым салынуы мүмкін.