Банк пен қаржы

Bank RBK мемлекеттік көмектің 37,302 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды

фото: Руслан Пряников

RBK Bank 2024 жыл қорытындысы бойынша, мемлекеттік көмектің 37,302 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Банк акционерлері мұндай шешімді 27 тамызда болған жиналысты қабылдаған. Оған дейін мамырда өткен жиналыста 18,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік көмекті қайтарамыз деп шешкен. Яғни қайтарылатын мемлекеттік көмек көлемін екі есе арттырды.

Осы арқылы 2022, 2023 және 2024 жылдар қорытындысы бойынша, банк 67 млрд теңге көлемінде мемлекеттік көмекті қайтарды. Бұдан бөлек, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін банк мемлекеттен алынған қаражат бойынша 67,3 млрд теңге көлемінде купондық сыйақы төлегені хабарланды.

Осыған дейін Alatau City Bank мемлекеттен алған 50 млрд теңге көмекті мерзімінен бұрын қайтармақ екенін мәлімдеген.

2017-2018 жылдары Қазақстандағы банк секторының қаржы тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі алты банкке мемлекеттік көмек берілген. Олардың қатарында First Heartland Jusan Bank (қазіргі – Alatau City Bank), Халық Банк, Bank RBK, Еуразия банкі, «ЦентрКредит» және Нұрбанк бар.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Bank RBK актив көлемі бойынша Қазақстандағы 22 банк ішінде 9-орында тұр.

Банктың негізгі акционері – кәсіпкер Владимир Кимге тиесілі «КСС Финанс» ЖШС, ол акциялардың 89,77%-ына ие. Ал басқарма төрайымы Наталья Акентьева банк акцияларының 6,49%-ын иеленген.