Жаңалықтар

Польша Ресей дрондарының кіруіне байланысты төрт әуежайын жапты

Фото: Getty Images

10 қыркүйекке қараған түні Ресейдің Украинаға шабуылы кезінде бірнеше дрон Польшаның әуе кеңістігіне кірген. Бұл жайлы Польшаның Қарулы Күштерінің Жедел қолбасшылығы хабарлады.

«Бұл – азаматтарымыздың қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін агрессия әрекеті. Әуе кеңістігімізге кірген дрондардың бір бөлігі атып түсірілді. Қазір олардың құлауы мүмкін орындарды іздеп, анықтап жатыр», – деп атап өтті қолбасшылықтан.

Әскерилердің дерегінше, жойылған дрондар Подляск, Мазовецк және Люблин өңірлеріне түсуі мүмкін. Аталған аймақтағы тұрғындарға әскери операция кезінде үйде болуға кеңес берді.

Ресей дрондарын тоқтату үшін Польшаның Қарулы Күштері әскери авиация мен жерүсті әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қолданды. Сонымен қатар басқа НАТО елдерінің жойғыш ұшақтары да әуеге көтерілді. Әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Жешув-Ясенка, Люблин және Варшавадағы екі әуежай да ұшақтарды қабылдауды және жіберуді тоқтатты.

Польша премьер-министрі Дональд Туск НАТО Бас хатшысын қазіргі жағдайдан және Варшава қабылдаған шаралардан хабардар екенін мәлімдеді.

Дәл осыған ұқсас дрондар осы жылы жазда Батыс Қазақстан облысына да құлаған еді. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов оның Ресейге тиесілі екенін айтқан. Жыл басынан бері елімізге төрт дрон құлады.

Ұшқышсыз аппараттар немесе дрондар – Ресей мен Украина соғысындағы басты қарудың бірі. Шетелдік басылымдардың дерегінше, Ресей тоңазытқыш деп жасырып, Қытайдан дрондар сатып алып жатыр.