Жаңалықтар

Президенттің әйелдерге қатысты сөзіне Ақорда түсініктеме берді

Фото: Ақорда

Сұлулық пен нәзіктіктің символы болған әйел дау-дамайға араласса, мәдени дағдарыстың одан әрі дендей түскені деген сөзі. Тоқаевтың жолдаудағы «тәртіп бұзатын әйелдерге» қатысты сөзін Ақорда осылай түсіндірді.

«Жолдауында президент азаматтарды кез келген құқықбұзушылыққа қатысты «нөлдік төзімділік» танытуға шақырды. Сонымен бірге мемлекет басшысы «өкінішке қарай, қоғамдық тәртіпті бұзушылардың арасында әйелдер де бар» екенін атап өтті. Кейбіреулер бұл сөзді ескерту ретінде қабылдады, алайда мәні мүлде басқа. Өйткені ежелден сұлулықтың, нәзіктіктің және үйлесімнің символы болып келген әйелдер жанжалдарға араласа бастаса, демек, мінез-құлық мәдениеті дағдарысы шын мәнінде күрделі сипатқа ие болғанын білдіреді», – деп жазылған хабарламада.

Ақорданың түсіндіруінше, кінә тағу емес жалпы қоғамға айтылған үндеу деп қабылдау керек.

«Бұл сөгіс емес, жынысына, жасына немесе шыққан тегіне қарамастан, баршамызға бағытталған құрметті қарым-қатынас мәдениетін қайта оралтуға шақыру. Дөрекілік пен агрессиядан бас тартып, қоғамымызда сыйластықты орнықтыруға үндеу. Сондықтан айтылған сөздердің мәні – этика мен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда, әдептілік пен өзара құрметті арттыруда жатыр. Бұл міндет ешқашан тек әйелдердің иығына артылмайды. Бұл – бүкіл қоғамымыздың ортақ міндеті», – деп хабарлайды Ақорда.

8 қыркүйекте Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялаған. Онда қоғамдық мәдениетті сақтауға да ерекше көңіл бөліп өтті.

«Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар», – деген еді ол сөзінде. Президенттің бұл сөзі қоғам арасында түрлі талқы тудырды.

Kursiv Media Тоқаевтың жолдауынан тікелей трансляция жүргізді. Ең маңызды тұстарын мына жерден оқи аласыз.