
100 мыңға жуық адам Қазақстаннан көшіп кетсе де, шетелде отырып заңсыз зейнетақы алып келген. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Министр айтқан азаматтар елде тіркеуде тұрмайды, шетелде өмір сүреді. Арасында Ресей, Өзбекстанда тұратын азаматтар бар.
«100 мың азамат тіркеуде жоқ, бірақ зейнетақы алып отыр. Иә, арасында үйінде отырып, тіркеуден шығып қалған қарапайым кісілер бар. Бірақ негізінен ел арасында жоқ, тіркеуде тұрмайтын, шетелде жүріп зейнетақы алады. Ресейде, Өзбекстаннан да алып отырғандар бар. Түсініп отырсыздар ғой. Қазақстаннан да төлеп отырады, ол жақтан да төлейді», – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.
Ол адамдардың жеке деректері Қаржы мониторинг агенттігіне жіберіледі. Тіркеуде жоқ азаматтарға зейнетақы төлеу тоқтатылады.
Жақыпова дәл осылай әлеуметтік жәрдемақыларды кейбірін алып тастауы мүмкін екенін айтқан еді. Қазір елдің әр өңірінде мемлекеттік көмек әртүрлі беріледі, жалпы саны – 117. Енді министрлік құзырлы органдармен ақылдасып, әлеуметтік көмек көрсетудің бірыңғай стандартын енгізуді жоспарлап отыр.
Әлеуметтік төлемдер туралы әңгіме 8 қыркүйектегі Тоқаевтың жолдауынан кейін белсенді талқыланып жатыр. Ол мемлекетке масыл болып, әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар елді дамытуға кедергі келтіреді деген еді.