
Қазақстанда энергетика саласына арналған киберқауіпсіздік орталығы құрылады. Оның мақсаты – жылу-энергетика орталықтары (ЖЭО) мен отын-энергетикалық кешеннің басқа да нысандарын хакерлік шабуылдардан қорғау. Бұл туралы Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Қазір энергетикалық нысандарды цифрландыру қолға алынғаннан кейін оларға жасалатын киберқауіп көлемі да артып отыр. ЖЭО-ны цифрлық басқару тиімді, бірақ сыртқы араласу деген екінші тұсы да бар. Сондықтан осындай орталықтар аса қажет деп түсіндірді министрліктен.
«Энергетика саласын қорғау үшін оның ерекшеліктерін, құрылғыларын және ықтимал ақауларын түсінетін мамандар қажет. Олар барлық маңызды энергетикалық нысандарға киберқауіпсіздік талаптарын әзірлеуі тиіс», – деп атап өтті Дмитрий Мун.
8 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстан цифрлы елге айналуы керек деген мақсат қойған еді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, елдегі негізгі секторларды жаппай цифрландыру басталды.