Жаңалықтар

Илон Маск қолданатын отандық стартап 50 млн доллар инвестиция тартты

Фото: ашық дереккөзден

ЖИ саласында ерекше белсенді дамып келе жатқан қазақстандық стартап Higgsfield AI Series A аясында 50 млн доллар инвестиция тартты. Бұл туралы компанияның негізін қалаушының бірі Ерзат Дулат жариялады.

Раундты GFT Ventures венчурлық қоры басқарды, ал басқа инвесторлардың қатарында BroadLight Capital, NextEquity Partners, AI Capital Partners және Menlo Ventures бар.

Бұған дейін Higgsfield AI алдыңғы қатарлы венчурлық қорлар мен «бизнес-періштелерден» 16 млн доллар инвестиция тартты. АҚШ, Қытай және Жапонияда миллиондаған аудитория жинай алған.

Higgsfield AI – жасанды интеллект негізіндегі видео жасауға арналған платформа. Компания өнімін TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларға контент жасаушылар, музыканттар, жарнама агенттіктері және брендтер қолдана алады. 2022 жылы АҚШ-та негізі қаланған. Командада 30 адам жұмыс істейді, олардың барлығы дерлік қазақстандық мамандар.

Арман Сүлейменов подкастында қонақ болған Ерзат Дулат Higgsfield AI-ды Илон Маск пайдаланатынын айтты. Бұл құрал арқылы Снуп Дог, Мадонна және Уилл Смит өздеріне видео жасап үлгерген.