Жаңалықтар

Үлестік құрылыс нарығы: 10 қалада бірде-бір заңды жоба жоқ

Фото: ашық дереккөзден

2025 жылдың тамызындағы дерек бойынша, Қазақстандағы үлестік құрылыстың 62,5%-ы «көлеңкелі» нарықта жұмыс істейді. Бұл туралы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» (ҚТК) хабарлады.

Қазір елдегі 19 қалада үлестік жүйемен 606 нысан салынып жатыр. Бірақ олардың 227-і ғана үлескерлердің қаражатын алуға әкімдіктен рұқсат алып, ҚТК кепілдігіне ие болған.

Ақтау, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Тараз, Семей, Түркістан, Орал, Павлодар және Қызылорда қалаларында жарнамаланған бірде-бір тұрғын үй кешенінде рұқсат жоқ. Осы қалаларда «көлеңкелі» нарықтың үлесі 100%-ға тең.

Ең төмен көрсеткіштер Шымкентте (36,9%), Атырауда (45,5%) және Астанада (50,2%) тіркелді.

2024 жылы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 69,6% болған, бұл қазіргі көрсеткіштен 7,1 пайыздық тармаққа артық. Демек, бір жыл ішінде «заңды» нысандар саны артқан деп түсіндіреді «Қазақстан тұрғын үй компаниясынан».

30 тамыздан бастап Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Енді құрылысшылар тек үлестік қатысу туралы келісімшарт жасай алады. Бронға қою, инвестициялау және басқа да келісімшарттарға жол берілмейді.

Үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алғаннан кейін ғана сол кешенді жарнамалай алады. Сол сияқты банк те нысанды тексермейінше, ипотекаға несие бермейді. Бұл ережелер үлескерлерді құрылыстың тоқтап қалуы мен салынған қаражаттың қайтарылмауы сияқты тәуекелден қорғауға тиіс.